Қ.И.Сәтбаевтың Т.А.Кошкинаға хаттары,1925-1929 ж.ж.

Қ.Сәтбаев, Семей, 29.7.1925 ж. – Зырянов кенті, Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға:

«Қымбатты Тася! Семейде сіз болмаған соң көңілсіз жүрмін. Сүреңсіз мезі күндер өтер емес. Сан алуан ой кешіп, жападан-жалғыз жа­­­быққан жаным Сізді ойлаған сәтте ғана бір уақ жай табады. Тәңір бізді жолықтырып, өзіме Сіздей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Сол себепті қуанышқа толы һәм шексіз ризалық сезіммен алдағы өмірге зор үмітпен қарап отырмын. Біздің сүйіспеншілігіміз шұғыл туып, бірден бекем негізге ауғанына мен таңданбаймын, сол да біздің жаратылысымыздың өзара жақындығына дәлел емес пе?.. Бұдан көп бұрын, алғаш та­­­ныс­қанда-ақ мен сіздің қарапайым нышаныңызға бия­зы қылығыңызға таңғалып едім… Сөйтіп, Сізді әбден танып-білуден соң өзіңізге мәлім шешімге келдім. Сізге мен бір ғана шарт қоямын, есіңізде болар, оны орындау қиын емес. Сонымен, Тася, жеребе тасталды, біз ала жіптен аттаған адамдармыз. Сол тек бақытқа бастағай! Сүйе­мін! Өзіңіздің Қаныш».

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, 8. 8. 1926 ж.:

«Saulem Taisa-Tai! Соңғы хатты бұдан бір ай бұрын, 8 шілдеде жол­­дағаныма ренжіме… Біздің далада жеке адамның хаты түгілі, болыс поштасының өзі айына бір-ақ мәрте қатынайды. Міне, мен де шабарманның келгенін пайдаланып, Сізге екінші мәрте хат жолдап отырмын. Оның есесіне Сізден екі хат алдым… Бір айда жүзден астам қаз алдық, ұсақ құстарды санаған жоқпын. Бұл жақтағы негізгі қарекетімнің жөн-жосығын осыдан-ақ аңдаған боларсыз. Көңіл-күйім өте жақсы, тән саулығы түзелді… Семейге, сірә, тамыздың 25-і шамасында аттанатын шығармын, қыркүйектің 1-5-і аралығында сонда болмақшымын… Өзіңіздің Қаныш. Жаманқылшылы жайлауы».

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 8.02.1927 ж.:

«Сүйікті Тася! Соңғы хатыңызды алдым. Көңілімде жа­­быр­­­қау туғызғанын жасырғым келмейді. Өзіңіз жазғандай, «күту және әрқилы шырғалаңдар» Сізді де қажытып, қамығуға душар еткенін, әри­не, түсінемін. Сөйтсе де, біз бір жәйтті мой­ын­дауға тиіспіз: өмір – күресу мектебі, оған көрген түстей жеңіл-желпі қарауға болмайды; ғұмы­рымыздың алғашқы кезеңінде осындай жағымсыз жайттардың кездесуі әбден ықтимал. Бұларды мен сөзсіз болуға тиіс құбылыстарға саямын және алда да кездеседі деген ойдамын.
…Өзіңізге мынандай: «Мен онымен бірге жү­ріп, өмір ұсынар әр түрлі қиыншылық пен шырға­лаңдарды бірге кешуге әзірмін бе?» деген сұрау қойыңыз. Менің тұлғамды, ойлаймын, Сіз жет­кілікті білесіз: мен қазақпын – жаратылысым да, жаным да қазақы; ой-түсінігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін (даралаушы хат иесі − М.С.);

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 8.02.1927 ж.: (жалғасы)

бұл жолда ай сәулелі армандарға беріліп асқақтаудан адамын; сондай-ақ сөзсіз кездесер қиыншылықтардан да алабөтен безінгім келмей­ді; жан тыныштығын да шат-шадыман тұр­мыс­тан гөрі рухани күреспен өткізгенді жөн к­ө­ремін; сол үшін де тұрмыстың жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырын кезіп, өмір-бақи кен іздеуге де әзірмін…»

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Қарсақбай, 23. 05. 1927 ж.:

«…Қарсақбайға 11 мамырда күндіз келдім… Құ­ры­­лыс жұмысы едел-жедел басталды. Жұмыс қар­қыны үдеді, жан-жақтан ағылып келіп жат­қан жұмыскер ерекше көп. Құрылыс материалдарын жеткізуге ғана күмән бар. Тасымалдау жұ­мысын жандандыруға шаралар жасалуда, бұл жөнінен де олжасыз емеспіз. Қа­лайда биылға белгіленген құры­лыс­ты толық аяқтауға сенім мол. Шетелден алынбақ жаб­дық­тарға тапсырыс мен Мәскеуде жүргенде-ақ берілген-ді. Осының бәрі алдағы тірлігімізге сеніммен қарауға ой туғызады: Қарсақбайдың тағдыры даңғыл жолға түсті; Жезқазғанның мыс кеніштері судан құр­­­ғатылуда; сусорғыштар қойылып, кен қазы­­­ла­­­тын участоктарды тіреу­мен бекітуге көшті; кен қазу күзде басталады… Мен үшін қазіргі басты мәселе – барлау және техно­­­ло­­­гияға қажет флюстік шикізат табу. Жезқазғанға дейінгі тар табанды темір жол құ­ры­­­лысы бірінші қазанда аяқталмақ, бірінші по­йыз да сол кезде жүреді…»

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.:

«…Мау­­сымның 10-на дейін Мәскеуден шыға алмаспын. Сөйтуге қызмет емес, жеке басымның шаруасы да мүмкіндік бермей отыр. Ауылдағы туыстарымның жағдайы тағы да қиындады… Соңғы хатымда жазған жайттарға әкемнің кенеттен қайтыс болғаны қосылыпты, оның үсті­не тағы бір немере туысым тұтқындалған. Әкем­ді жан-тәніммен сүюші едім, қадір-құрметі де мен үшін өзгеше жан… Ол кісінің мынадай жағдайда дүниеден қайтуы мен үшін ауыр соққы. Үйде қалған шиеттей бес баланың, ағамның әйелі­­­нің, әсіресе қартайған ше­­­шем­­­­нің халі не күйде екенін біл­меймін, екі ай болды, хат жоқ (сірә, поштадан өткізбеген). Туған ағам қазір Павлодардың түрме­сінде. Байғұстың жағдайын жеңілдету мақсаты­мен әр түрлі шаралар істеп жатырмын. Ағайға тағылған кінә – қисынсыз жала, ісінің тезірек қаралатынына шүбәм жоқ. Тегінде, бұл да біздің жабайы даланың ескі «дертінен» туған, басараз­дықтан өрбіген іс. Әділ Кеңес соты әлі-ақ соны ұйымдастырған шолақ

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.: (жалғасы)

белсенділердің қаскөй әрекетін әшкерелеп, төрелік айтады. Бірақ, соған дейін ағамның үй-іші қаншама қасірет шекпекші, әсіресе қоректік малды тәркіге беріп әрі әкейдің қазасын аза тұтып жылап отырған күндерде…»

«…Қызылордадағы шенеуніктер мені «Атбас­трес­тегі» жұмысымнан шеттетуге келіскен сияқты. Жуық арада ресми бұйрық жібермек. Демек, енді мен Қазақстанға бара алмаймын. Биылғы қыс, бәлкім, Мәскеуде қала тұрамын. Жұмыс жөнінде қиналмаспын, мені жұмысқа алуға мүдделі кеңселер мұнда аз емес… Он шақты күннің ішінде бәрі де белгілі болады. Сол кезде толығырақ жазармын. Көңіл-күй осындай, уайым жеп түңілгеннен аманмын. Қысқасы, saulem, сен биыл мен үшін де, өзің үшін де демалуға тиіссің… – депті 20 маусымда Алтайға, шешесінің үйінде демалуға кеткен Т.К.-ға жолдаған хатында Қ.И.. – Мұндағы достар Мәскеуде мүлдем қалуға кеңес береді. Өзім де сол ойдамын…»

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.: (жалғасы)

«Әзірше осындамын, Қазақстанға, ең болма­ған­да ауылыма баруға қиыла сұранып, рұқсат ала алмадым, – депті Қаныш Имантайұлы 13 шілдедегі хатында. – Қала шаңын жұтқан мезі де күйкі тірлікті қанағат етуге тиіспін. Тұрмыс күйтімде ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмыстың беталысы да бәймәлім. Ешкім ештеңе айтпайды, ең болмағанда бірдеме деп тү­сін­дір­се екен. Ал трест жетекшілері ме­нің кетуі­­­ме мүлдем қарсы. Бұл да мен үшін рухани сүйеу. Шынында да, өз мінде­ті­ме мен адал болдым, аянған жоқпын… Геолкоммен сөйлестім: «… өзіңіз қалаған уақыт­та жұ­­­­мысқа аламыз» деді. Ал профессор Котульский Қазақстанда биыл тұрақты ашылмақ Геолком бөлімшесін басқаруды ұсынды… Соның бәріне нақтылы жауап бермей, ойланып жүр­мін… Трес­тен кетіретін болса, сірә, Геолкомды таңдар­­­мын… Таисия-жан, уақытша сәтсіздігіме қамық­па. Күзде басымыз қосылып, қайткен күнде бірге тұратын боламыз… Бүгін саған жеделхат жолдап, бір шиша насыбай жіберуді өтіндім.

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.: (жалғасы)

Құрып қалғыр таусылып қалып, онсыз да жұқарып жүрген жүйкені құртып, мазамды ала берген соң, амалсыз сұрадым. Тәңір жарылқасын, жаным, ең құрығанда кеуіп жүрген таңдайымды жібітші. Ағамның жұмысында өзгеріс жоқ…»

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 21 шілде, 1928 ж.:

«…Жағ­­­дай­ым беймәлім қалпында. Көңіл-күй­ім көң­­те­­­рімді. Не себепті күйректенуге тиіспін: бой­­­ым­­­да­­ғы күш-жігерімді, білімімді туып-өскен елім үшін сарқа жұмсап келдім. Ау, сол үшін енді қия­­­нат-қуғындауға ұшырап, жалаға ұрынып, өзімді жек көретін біреулердің күйкі әрекетінен жапа шегуге тиіспін?! Трестің жұ­мысы ойда­ғыдай де­се­ді: Қар­­­сақбай зауытын жыл аяғында жүргізбек; жаб­­дықтарды мон­таж­дауды аяқ­тау­ға жақын… Электробарлау тамаша нәтиже беріпті: Жезқаз­ған мен Тасқұ­дық­тың аралығы­­нан төрт жерден жаңа кен аномалиясын ұшы­ратқан! Бұл – енді осы участоктарда кен шо­ғырлануына сенімсіздік білд­і­ріп жүр­ген көрсоқыр мамандарды иландыру үшін өте-мөте мәнді жаңалық… Сөйтіп, басты ісіміз алға басып, Қарсақбай алыбының іргетасы қала­нуда, ол болса, өзің білесің, Қазақстанды индус­триялан­ды­рудың алғашқы қарлығашы».

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.:

«…Көңіл-күйім соңғы аптада біржола түзелді деуге болады. Жұмыста да олжа көп: Жезқазғандағы бар­лау мен нұсқаған қолаттан қуаты 3,5 метр, мыстың орташа құнары 6,5 пайыз кен қабатына жолығыпты; пештің монтажы біткен, 15-20 қыр­­­күйек аралығында зауытты жүргізуге мүм­­кін­­дік туған; өндірістерге сапарым жуықта қайта басталады. Тұрландағы партия биылғы барлауға бір жарым ай кешігіп кірісті. Сол үшін де қалған уақытты ұтымды пайдаланып, жоба­ланған жұ­­­мысты қысқа мерзімде орындауы қа­жет. Комбинат басшыларынан әлгінде ғана Тұр­ландағы пар­тияның Түркістан жақ бағыттан… небәрі 4,5 ша­­қы­рым жерден жаңа кен жүлгесін тапқанын есті­дім. Не қылған кен? Бара көреміз… Өзің қиыла өтін­гендей, Қызылордада бірер күн аялдауға мүмкіндік бола ма, болмай ма, белгісіз. Турасын айтқанда, еш­қандай жұмыс болмаса, тоқтағым келмейді. Шы­ға­рымда телеграфпен хабар беремін. Қалай бол­ған­да да мені қарсы аласың… Денсау­лы­ғым қазір жақ­сы,

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: (жалғасы)

сіріңкедей шілтиіп жүдегеннен аманмын…»
«Ертеңгілікте Түркістанға келдім, директорымды осында кезіктірдім, – деп жазады Қаныш Имантайұлы 19 тамыздағы хатында. – Тұрлан­­­ның жағдайы мүшкіл: бұрғылау әлі басталмаған; дай­­­ындық жұмыстарына кешігіп кіріскен; не істейсің, қолайлы уақытты өткізіп алған. Директор екеуіміз сол жаққа жүрмекпіз. Сірә, бұл жақта ұзағырақ болармын, бұрғылауды тезде­тіп бастауға қалайда бірдеңе істеуім керек… Директор – жаңа адам, бұл жақтағы жұмыстың жай-жапсарын білме­­­ген­­дік­­­­тен жұмысқа қолай­­лы ке­зең­­­ді өткізіп алған. Бүгін де жолға шық­қысы келмей, ертең жүр­­­сек қай­те­ді… деп үгіт­­­теп отыр. Ал бізге мұнда тү­ней­­­­тіндей шаруа жоқ…»

«…Жезқазғандағы барлау өте-мөте сәтті жү­­­­ріпті. Биылдың өзінде, сірә, 25-30 мың тон­наға кен қорын өсіреміз. Электробарлаудың нәтижесі де көңілдегідей! – деп шаттана сыр шертеді Қа­­ныш Имантайұлы Қарсақбайдан, қыркүйектің 3-і күні Таисияға жолдаған

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: (жалғасы)

хатында. – Иә, бұл жақтағы барлау жұмыстарының көлемі ұлан-асыр, соның бәріне тек қаржымыз жетсе… Шүбәлімін… Бұған бірақ аса қайғырып отыр­­ға­ным жоқ, ең бастысы, қазақ даласында кен бар. Екі жылдық шағын барлауда Жезқазған қоры қаншаға өсті?! Биылдың өзінде Спастағы барлау мыс қорын екі миллион пұтқа көтерді. Ал Өспен­дегі барлаушылар алтын тауыпты. Қайрақты мен Тұрландағы олжалар ше?!»

«Русаковтан алған ресми емес хабарыма қа­ра­ғанда, Балқаш төңірегінен жалпы көлемі бір миллиард пұт шамасында (!) мыс кені табылыпты. Шындық болғай, онда бұл – дүниежүзілік алып! – деп масаттанады жас геолог келіншегіне жолда­­­ған тағы бір хатында. – Тек мұндағы шенеунік­­­тер­дің біздің далаға деген сенімсіз көз­қарасы өзгер­­се екен?! «Жері қашық, су жоқ…» деп күні бұрын байбалам салған, дұрысын айтқанда, жер шалғай­­­лы­ғынан зәре-құты қашқан сақтанымпаз мамандар­дың теріс пиғылына ғана қарным ашады…»

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: (жалғасы)

«Қымбатты Таисия! Ақмолаға жіберген ақ­шаң­ды (екі мәрте) және бір хатыңды алдым, рахмет! Дін аманмын, денсаулығым оңды, тек жол азабын шексіз тарттым, – депті Қаныш Имантайұлы Ташкенттен келетін 3-ші пойызды тосып отырып, Сызрань қаласынан қарашаның 24 жаңасында Қызылордаға жолдаған хатында. – Спас зауытынан Шортандыға дейін, бұл енді 500 шақырымдай жер, салтатпен өттік, ал Шортандыдан бері төрт тәулік ұдайы пойызбен изеңдедік. Шаршағанымды сұрама, Мәскеудегі пәтеріме жетіп, төсегіме қаннен-қаперсіз құлау­ды ғана тілеп отырмын, соны арман еткеннен өзге ештеңе басыма кірер емес. Saulem, сені де ерекше сағындым. Егер Мәскеуде тағы бірдеме сопаң ете түспесе, барысымен шақыру жіберте­мін, сен енді, жаным, ешқандай кедергісіз және бұлданбай бірден келесің. Бұдан әрі бұғылмақ ойнап, бөлек тұрғанымыз жүйкемізді жұқартып болды, бұл уәжге, сірә, дау айтпассың… Ғалым­тай бірге келеді. Оқудан кешіксе де менен қал­ғысы келмеді, байғұс балақан үстелге басын сү­йеп

Қ.Сәтбаев – Т.Кошкинаға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: (жалғасы)

ұйықтап отыр. Мектебіне қайткенде алғы­затын амал ойластыруым керек… Маған күш-тірек насыбай ала келуді ұмытпа, кем дегенде 5 шиша. Өзіңнің Қ».

Қ.Сәтбаев, Мәскеу – Қарсақбай, Т. Кошкинаға, 25 жел­­­тоқсан, 1929 ж.:

«Қымбатты Туся! Хатыңды бүгін алдым. Арысланды ойлап алаңдап жүр едім, көңілім жайланды. Мен кетерде басталған аяз үйді мұздатып, балаға суық тиіп қалды ма деген қауіп қой баяғы. Аязға оның мәу демегеніне қуаныштымын. Демек, нағыз қазақ! Инженер Поповпен сәлем-сауқат жібергеннен кейін де өзіңе хат жазғанмын, ал кеше балалар ауруының профессорында болдым. Оның маған айтқаны: Арысландікі «диспенсия» деген кінәрат. Тегінде, бұл… баланың қоректі тым көп алып, соны әлсіз ұлтабарының қорытып үлгере алмауынан пайда болады-мыс. Сен оны жиі емізесің, бәлкім, омырау сүтің өте қою… Қысқасы, бала үшін қауіпті ештеңе жоқ дейді, төртінші айдан соң өз-өзінен тарқайды дейді. Сен өзіңе басқадай міндет алып әуре болма… Мен саған Арысланнан өзге ешбір шаруа тапсырмаймын, тыйым саламын!.. Бөкей­хановты (Сергей Әлиханұлы, жоғары білімді барлаушы маман – М.С.) Қарсақбайға ауысуға көн­дірген сияқтымын. Профессор М.М. Приго­ров­ский­­­­ді көрдім… Бурцевті жазға салым

Қ.Сәтбаев, Мәскеу – Қарсақбай, Т. Кошкинаға, 25 жел­­­тоқсан, 1929 ж.:

Қараған­дыны қосымша барлауға жібермек екен, айтуынша, одан өзге тиянақты кісі таппапты. Ал мен Бурцевтің тағы бір маусым Қарсақбайға керек болатынын дәлелдеп бақтым. Сірә, сөйтуге Ленинградта келісетін шығармыз. Дмитрийге айт: Қарсақбайға мен қаңтардың 10-15-і аралығында қайтамын, сол кезде ешбір бөгетсіз демалуға босатамын, үй-ішін көрдім, тегіс аман… Бұрғылау станоктарын алу қиындап кетіпті, сірә, табыл­ған күнде де мамыр­дың бастапқы күндерінен беріде ештеңе тие қоймас. Басқа тапсырыстар да жүйкені құртар әншейін іске айнала ма деп қорқамын».

Іс-шаралар
Наградалары
Фотомұрағат