Өмірбаяны

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев  - (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының 4-ші ауылында) қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданының ҚИ.Сәтбаев атындағы совхозында 1899 жылдың 30 наурызында (12 сәуір) Сәтбаевтардың үлгілі - өнегелі ауылында дүниеге келді.

Қаныштың жерлесі әрі досы Әлкей Хақанұлының мәліметтері бойынша, революциядан (1917ж.) бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. "Қаныштың әкесі Имантай - ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын..."

"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің туған ауылындағы орыс - қазақ мектебінде оқып, 1918 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіреді. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-шы

учаскесінің халық соты болды.

1921 жылы жазда Қаныш Имантайұлы Баянауылға емделуге келген сол кездегі Сібір өңірінің ірі, мәдени орталығы Томск қаласының технология институтының профессоры (кейін академик болған) Михаил Антонович Усовпен танысады. Қанышқа М.А.Усов Қазақстанның геологиясы мен тау-кен байлықтары туралы көптеген қызықты әңгімелер айтады.

Өзі өмірден озғанша ұстаз санаған профессор М.А.Усовтың ықпалымен 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі.

Қаныш Имантайұлы студент болған жылдарда профессор М.А.Усов басқарған палеонтология және тарихи геология кафедрасының оқытушысы болған В.А.Хохлов (кейін ғылым докторы, профессор) "Студент Қаныш" атты естелігінде былай деп жазды: "Бұл өзі оқуға жан-тәнімен берілген студент болатын. Жалпы геология жөніндегі сабақтарда ол М.А.Усовтың тамаша

лекцияларын құмарта тыңдады... Екінші курстан кейін ол М.А.Усовтың дала жұмыстарына қатысты..."

Институтты бітіргеннен кейін Қ.И..Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.

Ол 1920-1930-шы жылдары кең көлемді барлау жұмыстарына басшылық жасап, оларға тікелей қатынасуымен бірге Жезқазған-Ұлытау, Қарсақпай, Қаратау полиметалл кендері жөнінде іргелі ғылыми еңбектер жазды.

1926-1941 жылдары Атбасар, Қарсақпай трестерінде геологиялық бөлімінің жетекшісі және бас геолог болған Қаныш Имантай ұлы Жезқазғанның одақтағы ірі мыс рудалары бай аудандар қатарына жататынын бұлжытпай дәлелдеп, минералды шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай сияқты аймақтарға

ерекше назар аударды.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың көп қырлы талантының жарқын көрінісі - ол, ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы - іргесін өзі қалаған, ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.

Қаныш Имантайұлы бұл ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысқа 1941 жылы шақырылды. Осы жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының орынбасары болып сайланды.

1943 жылдан филиалдың төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы Қ.И.Сәтбаев геология ғылымындағы үздік жетістіктері үшін КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Ол сол кезде КСРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді.

1946 жылы 1 маусымда КСРО Ғылым

Академиясының Қазақ филиалы негізінде Қазақ КСР-нің Ғылым академиясы (қазіргі ҚР Ұлттық ғылым академиясы) ашылуы республика өміріндегі аса көрнекті оқиға болды. Академияның тұңғыш толық мүшелері болып 14 адам - Қ.И.Сәтбаев; М.О.Әуезов; Ә.Б.Бектұров; Н.Т.Сауранбаев т.б. бекітілді.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев академия президенті ретінде ғылым мен өндірісті байланыстыруға, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге үлкен мән беріп отырды.

Ол өзі негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының 1946-1952 және 1955-1964 жылдар аралығында 16 жыл басқарды, ал геологиялық ғылымдар институтына үш жылдық үзілісті қоспағанда 1941-1964 жылдар үздіксіз жетекшілік етті.

Қаныш Имантайұлының пайдалы кендердің болжам карталарын құрастырудың методологиялық теориялық негіздерін айқындауға қосқан үлесі зор.

1958 жылы Қ.И.Сәтбаев бастаған бір топ ғалымдарға Орталық Қазақстанның кешенді

металлогениялық және болжам карталарын жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді. Сол елуінші жылдардың өзінде-ақ кешенді металлогениялық болжам карталарды өндіріске енгізуге айтарлықтай нәтижелер берді: Сарыарқа аймағында қара, түсті, сирек металдардың жаңа кендері ашылды. Ашылған кендер мен руда белгілерінің 90%-і айтылмыш болжам карталардың негізінде анықталды.

Қ.И.Сәтбаев сол кездегі Кеңес елінің жоғарғы марапат белгісі Ленин орденінің төрт рет иегері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Алайда осындай атақ-дәрежелерге қарамастан Қ.Имантайұлы әкімшілдік-әміршілдік жүйе орнатқан қоғамдық тәртіпке сенімсіз адам болып та саналған.

1940 жылдың соңы мен 1950 жылдың басында сталиндік билеу жүйесінің Кеңес мемлекеті зиялыларына қарсы басталған үшінші саяси қуғын-сүргін кезінде Қ.И.Сәтбаев оның құрбандығына шалына жаздады.

1964 жылы 31 қаңтар күні Москваның

Кунцево деген орманды аймағына орналасқан Кремль ауруханасында Қаныш Имантайұлының жүрегі соғуын тоқтатты.

Халқымыздың рухани өміріндегі ерекше ұлы тұлға Қ.И.Сәтбаевтың есімі халқының жанында мәңгі сақталмақ. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, Алматы, Балқаш, Семей т.б. қалалардағы көшелерге, кіші планетаға берілген. Қ.Имантайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы, жотасындағы мұздақ пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған "Сатбаевит" минералы "Академик Сәтбаев" гладиолус гүлі аталған. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сан қырлы талантын, ақыл ой парасатын туған халқының мерейін үстем етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі. Белгілі қоғам қайраткері І.Омаровтың сөзімен айтсақ, "Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды."

Іс-шаралар
Наградалары
Фотомұрағат