ДӘСТҮРЛІ «СӘТБАЕВ ОҚУЛАРЫ»

5 сәуір күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жас ғалымдар, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Конференцияға 361 оқушы, 726 студент және 613 жас ғалым қатысты. Он бірінші мәрте ұйымдастырылған шараға аймағымыздың қалалары мен аудандарынан және Астана, Семей, Өскемен, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды қалаларынан, сонымен қатар Ресей Федерациясының Чита, Новосібір, Томск, Омск өңірлерінен, Дағыстан автономиялық республикасынан, Бішкек, Ташкент, София қалаларынан жас ғалымдар келді. Жалпы конференцияға 2 мыңдай ғылыми мақала ұсынылды. Қатысушылардың еңбектері 35 томдық жинаққа енді.

Биылғы конференцияның өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан Республикасының 20 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығымен тұспа-тұс келген он бірінші «Қ.Сәтбаев оқуларының» ашылу салтанатында сөз сөйлеген С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Арын ғылыми конференцияның жыл сайын мазмұны мен мәні артып келе жатқанын жеткізді. «Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Сәтбаев оқулары жас ғалымдарға, ғылымға ден қойған оқушылар мен студенттерге мол мүмкіндік жасап отыр. Конференцияға қатысушылардың қатары жыл санап көбеюде. Бұл – еліміздегі ғылымның қарқынды дамып келе жатқандығының айқын көрінісі. Даңқты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың сара жолын жалғастырар бүгінгі жас ұрпақ осындай өрелі бастамалардан үлгі әрі серпіліс алады»,- деді өз сөзінде университет ректоры. Жас ғалымдарға сәттілік тілеген Ерлан Мұхтарұлы Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін айрықша атап өтті. Конференцияның ашылу рәсіміне Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-географиялық қоғамдық қордың төрағасы Оралбек Қожанов қатысып, жас ғалымдардың белсенділігіне жоғары баға берді. Ғылым жолын таңдаған жас ғалымдарға ақ тілегін ақтарған О.Қожанов Сәтбаев оқуларының мән-маңызына тоқталды.

«ХІ Сәтбаев оқуларында» топ жарған студенттердің бірі – Қымбат Құнанбаева. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің биылғы түлегі ұстаздары артқан сенімді ойдағыдай ақтап шыққанына қуанышты. «Қазақстан ғылымына шама-шарқымша өз үлесімді қосу - менің басты парызым. Сол себепті, еліміздің өркендеуіне ғылым арқылы титтей де болса септігімді тигізгім келеді»,- деп ағынан жарылды ол. Конференция жеңімпаздары мен жүлдегерлері түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

 

http://saryarka-samaly.kz/aleumet/42-2010-05-11-11-28-36/3317--l-r

 
Іс-шаралар
Наградалары
Фотомұрағат