Павлодарда академик Сәтбаевтың мүсіні ашылды

2011 жылы Павлодар қаласында академик Қаныш Сәтбаевқа (1899–1964) орнатылған мүсін оның туған күні – 12-сәуірде салтанатты жағдайда ашылды.

 

Павлодар қаласында академик Қаныш Сәтбаевқа (1899–1964) орнатылған мүсін оның туған күні – 12-сәуірде салтанатты жағдайда ашылды.
Мүсін Жамбыл облысы аймағындағы Қордай тауының гранитінен қашалып жасалған, жалпы биіктігі 8 жарым метр (мүсіннің биіктігі – 4 метр, 25 см, тұғырының биіктігі – 4 метр, 25 см.). Ескерткіш академик Сәтбаев көшесінің бойында, қалалық әкімдік ғимаратының жанындағы көрнекі алаңқайда орнатылған.
Ескерткіштің авторлары: алматылық белгілі мүсіншілер: Прокопьева Ольга Георгиевна және Санжар мен Дәурен Досмағамбетовтер. Айта кететін жайт, Ольга Георгиевна – Қазақстанның әйгілі мүсіншісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Шоқан Уәлиханов ескерткіштері (Көкшетау, Алматы), Қаныш Сәтбаев, Әліби Жангелдин, Ғани Мұратбаев, Мұхтар Әуезов ескерткіштері (Алматы), «Олжас Сулейменовтың портреті», «Бибігүл Төлегенованың портреті», «Республика жобасы» (Дінмұхамед Қонаевтың портреті), «Ақын портреті» (1979) тәрізді мүсіндік портреттердің авторы Төлеген Досмағамбетовтың зайыбы, ал Санжар мен Дәурен – осы екеуінің ұлдары. Мүсіннің сәулетшісі: Кацов Владимир Велихович. Авторлардың алты айдай бірлесе еңбек етуінің нәтижесінде жасалған өнер туындысында ұлы ғалым болашаққа қарай адымдап бара жатқандай образды кейіпте бейнеленген.
Бұл – академик Сәтбаевқа арналған тоғызыншы ескерткіш болып табылады. Бұған дейінгі ескерткіштер Атырау, Ақтау, Қарағанды, Ақсу, Алматы, Баянауыл, Жезқазған, Томскде орнатылған. Алматыдағы ескерткіш 1999 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы корпусының алдына қойылған (мүсінші Т.С. Досмағамбетов, сәулетші А.С. Қайнарбаев). Ал Қаныш Сәтбаев білім алған Ресейдің Томск тау-кен институты аумағындағы «Геологтар гүлзарында» тұрған бюст Павлодар облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша Павлодар қаласында жасалып, 2008 жылы сол жерге апарылып орнатылған. Ескеретін жайт, аталған көрнекі орында қазақстандық ғалымның бюстінен бұрын оның ұстазы М. Усовқа ғана ескерткіш қойылған.
Ғұламаның есімін ұлықтау мақсатында бұлардан өзге де іс-шаралар іске асырылған. Мысалы, Алматыдағы Геология ғылымдарының институты, Қарағанды облысындағы қала, Ертіс-Қарағанды су арнасы, ғарыштағы кіші планета, минералдың химиялық формуласы, Екібастұз инженерлік-техникалық институты, Қазақ ұлттық техникалық университеті, Павлодарда және өзге қалалардағы көшелер мен мектептер, Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы ауыл, Лепсі өзені бастау алатын Жоңғар Алатауы солтүстік таулы қыратындағы мұздық Қ. Сәтбаевтың есімімен аталады. Сондай-ақ, 1999 жылы К. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ҚР Ұлттық банкі ғалымның суреті бедерленген 20 теңгелік ескерткіш тиындар шығарса, «ҚазПошта» Қаныш Имантайұлының бейнесі салынған пошталық маркалар шығарды.
Академик Қаныш Сәтбаевтың мүсінін ашу шарасына ҚР Парламент депутаттары: Қуаныш Сұлтанов, Кенжеғали Сағадиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Айдар Жақыпов, академиктер: Мұрат Жұрынов, Жабайхан Әбділдин, Ғарифолла Есім, Ғинаят Бекжанов, Зайролла Дүйсенбеков, ғылым докторлары: Мырзатай Жолдасбеков, Герой Жолтаев, Еркеш Батырбеков, жазушылар: Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсеке, Қ. Сәтбаевтың ұрпағы Әлішер Сәтбаев және ғалымның жақын-жуықтары арнайы шақыртумен келді. Салтанатты жиынға облыс басшылары мен зиялылары, Қ. Сәтбаев дүниеге келген Баянауыл ауданының азаматтары, «Теңдік» ауылының тұрғындары, еңбек ардагерлері, студент жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Белгілі баянауылдық айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек жұртшылыққа жырдан шашу шашты.
Салтанатты рәсімді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ашып, академиктің ғалымдық, азаматтық болмыс-бітімін өзінің туып өскен, білім алған, қызмет еткен орталарымен байланыстырып сөз сөйледі.
Мәртебелі меймандар ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты ұлықтау мәселелеріне тоқталып, осындай ғажап ескерткіш орнатуды ұйымдастырған жергілікті лауазымды азаматтарға ризашылығын білдірді.
Ескерткіш мүсінді ашу рәсімі Естай атындағы қалалық мәдениет сарайындағы ғылыми конференцияға ұласты. Конференцияны Қ. Сәтбаев атындағы облыстық тарихи-географиялық қоғамы қоғамдық қорының атқарушы директоры Оралбек Қожанов жүргізіп отырды. Кезекпен сөйлеген қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар Баянауылдың тумасы, қазақ халқының әлемдік деңгейдегі даңқты перзенті, қеңестік металлогениялық ғылымдардың негізін салушылардың бірі, қазақстандық металлогения мектебінің іргетасын қалаушы, геология-минералогия ғылымдарың докторы (1942), профессор (1950), Қазақ КСР ҒА академигі (1946), КСРО ҒА академигі (1946), Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, Қазақстан ғылымдарын ұйымдастырушы, Ұлытау-Жезқазған мыс кендерін және өзге де пайдалы қазбаларды ашқан ғалым-геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты әр қырынан сипаттады.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев конференцияны қорытындылай келе академик Қаныш Сәтбаевтың жұртшылыққа таныла түсуіне айтарлықтай үлес қосқан жазушылар Кәкімбек Салықов пен Медеу Сәрсекеге «Облысқа еңбек сіңіргені үшін» атағымен марапаттап, иықтарына шапан жапты. Сонымен бірге Ертіс-Баянауыл өңірі халқының атынан мүсіннің авторлары мен мәртебелі қонақтардың барлығына сый-сыяпат жасады. Әкім жерлес ұлы ғұламаны өздеріне үлгі тұтып, ғылымда жетістіктерге қол жеткізген облыс жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне Сәтбаев атындағы арнайы сыйлықты табыс етті.
Академик Қаныш Сәтбаевтың мүсінін ашу салтанатты рәсіміне орай өткізілген конференцияның соңында алыс-жақыннан келген қонақтарға дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қабидолла Шәкәрімов, Әби Сарқыншақов, Асхат Әлкенов, Сайлау Байділдин сияқты есімдері облысқа белгілі, қадырменді еңбек ардагерлері меймандарға ақ тілегін айтты.
Англияның президенті У. Черчиль өзінің еңсегей бойына таңырқағанда «Менің халқым менен де биік» деп жауап қайтарған қазақ халқының алып перзенті Қанекеңнің мүсіні туған жерінде осылайша көтерілді. Ал дәл қазіргі таңда, Ертіс-Баянауыл өңірінде бұдан биік ескерткіш жоқ!
Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күнінде ашылған алып мүсін енді Кереку халқының отаншылдық, мемлекетшілдік, ұлттық мақтаныш сезімдерін аспандатып, білім мен ғылымға ұмтылған жастардың жан-дүниесін рухтандырып тұратын болады.

 

 

http://www.massagan.com/news.php?mod=news&id=4430&catid=8

 
Іс-шаралар
Наградалары
Фотомұрағат